Үкіметтік емес аудандық «Әйелдерді қолдау орталығы»
Орталық 2002 жылдың басында құрылып, жұмыс жасай бастады. Мақсаты- аудандағы әйелдер кеңестерінің төрайымдары, іскер әйелдер тобы бірлесе отырып, ауданда зорлық көрген әйелдер мен балаларға ақысыз, өз еркімен көмек көрсету.
Аудан әкімдігі әкімшілік ғимаратынан арнайы бөлме бөліп, сенім телефонын орнатты, аудандық аурухана басшылары зәбірленген жандарға көмек көрсету кабинетін ашты. Әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру бөлімі қабілетті, білімі бар, жұмыссыз отырған қыз – келіншектерге жұмыс тауып, әр сала бойынша әйелдерді қолдау орталығында жұмыс жасауына мүмкіншілік туғызды.
Орталық тұрғындар мен жасөспірімдердің арасында құқықтық, психологиялық тақырыптарда әңгіме, семинарлар өткізеді. Ауылдық, поселкелік округтер әкімдерінің ұсынысымен 70 отбасына киім – кешек, азық – түлікпен көмек көрсетілді. Орталық жанындағы спорт, қолөнер, би үйірмелерінде жасөспірімдер тәрбие алуда.
Астанада 2006 жылы өткен бірінші Азаматтық форумға облыстық делегаттардың бірі болып аудандық орталықтың төрайымы Болатбаева Жанат Шайдахметқызы қатысты. Ол сол жылы Санк-Петербург қаласында өткен әйелдер құқығын қорғау жөніндегі жиынға да Қазақстан делегациясының мүшесі ретінде барды.
Аудандық Ардагерлер ұйымы
Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымы 1986 жылы құрылған. 1987-2009 жылдары ұйымды аудан жұртшылығына танымал ел ағалары Бейсебек Мұқанұлы Қорғанбаев және Ақыш Сабырбаев басқарды. 2003 жылы қараша айынан ұйымға еңбек демалысына шыққан зейнеткерлер де біріктірілді. Содан бері ауданның ардагерлер ұйымын Қасымбеков Нұрбек Сәрсенбайұлы басқарып келеді.
Қазіргі кезде ұйымда 3882 мүшесі бар. Оның ішінде соғыс ардагерлері- 34, соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер саны- 95 (11 мүгедектер, 47 ауған соғысына қатысқандар, 28 Семей полигонында болғандар, 9 Чернобыль апатына қатысқандар). Соғыс ардагерлерінің жесірлері- 47, қалғандары тыл еңбегі ардагерлері мен зейнеткерлер. Олар ардагерлердің 28 ауылдық ұйымдарын құрайды.
2006 жылы барлық 18 ауылдық округтерде ардагерлердің бастауыш ұйымдары аясында үш топтан тұратын (әжелер көркемөнерпаздар тобы, қолөнер шеберлері және үгіт-насихат топтары) әжелер кеңестері құрылып, рухани құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүр мұраларын жастардың бойына қазіргі заман талаптарына сай сіңіру, тәлім-тәрбие беру мақсатында жұмыс істеуде. Әрбір ауылдық әкімдігі жанынан шағын тарихи-этнографиялық, өлкетану мұражайлары ұйымдастырылуда.
Ауылдық несие беру серіктестігі
Астанадағы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының мақсатына сәйкес ауыл шаруашылығы өндірісіне кредит берудің тиімді жүйесін құру үшін ауданда 2005 жылы 23 қатысушысымен, 15,0 миллион теңге жарғылық капиталымен «Ақсу-Қапал» несие серіктестігі жұмыс істей бастады. 60,0 миллион теңге несие алуға жол ашылып, игерілуде. Несие ресурстары серіктестіктің қатысушыларына қайтарым, төлемділік пен мерзімділік шарттары негізінде беріледі.
Қатысушылардың жалпы жиналысы- Серіктестіктің жоғарғы органы болып табылады, атқарушы органы- басқармасы. Оның төрайымы - Қойбекова Жаңыл Жолдышқызы. Басқарма құрамына жеке шаруа қожалықтарының басшылары Сүлейменов Бейбіт, Тілеужанов Жетпісбай, Қасымов Сатыбалды, т.б. енген.
«Қазақ тілі» қоғамының аудандық бөлімі
Аудандық бөлім 1990 жылы сәуірде құрылып, оның төрағалығына Мұхаметәлі Қазбанбетов сайланды. Ол кезде аудандағы барлық 104 мекеме- ұйымдар мен кәсіпорындарда іс қағаздары орыс тілінде жүргізілетін. 1 аудандық, 2 салалық тіл үйірмелері ашылып, оларда Жамалхан Мамырбекова, Күләш Естібаева, Қаншай Тергеубаева сабақ берді. 1992 жылы Алматы қаласында өткен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ІІ- ші құрылтайына М.Қазбанбетов, Ж.Мамырбекова делегат болып қатысты. 1993 жылы аудан әкімі жанынан Тіл басқармасы ашылып, оның бастығына М.Қазбанбетов, мемлекеттік тіл бөліміне Алмат Жалбағаев, салт- дәстүрлер бөліміне Жамау Бұқарбай меңгеруші болып тағайындалды. Қазақ КСР-інің «Қазақ тілін және басқа да ұлттардың тілдерін дамытудың 1990- 2000 жылдарға арналған Бағдарламасына» сәйкес, 1995 жылы ауданда барлық мекемелер іс- қағаздарын негізінен мемлекеттік тілде жүргізуге көшті. Сол жылы Тіл басқармасы жабылып, оның қызметі аудан әкімдігінің ішкі саясат және әлеуметтік салалар бөліміне жүктелді.
Құрамында Николай Петров, Лида Панарина, Хизер Шидаев бар аудан командасы 1992 жылғы «Мемлекеттік тілді меңгерейік!» атты облыстық байқауында жеңімпаз атанды. Бөлім 2005 жылдың қорытындысымен «Ең үздік әкімдік» номинациясы бойынша жүлдегер және 2006 жылы «Ең үздік қоғам» атанды
1993-97 ж. «Қазақ тілі» қоғамына Ғалия Ерғалиева және Бақтылы Жұмабекова басшылық жасады. І998 жылдан осы уақытқа дейін Қоғамның аудандық бөліміне Дубек Мұсанов жетекшілік етіп келеді.